Список учреждений

«Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын талқылау» тақырыбындағы дөңгелек үстел.

23 сәуір 2018

2018 жылғы 23 сәуір күні «Тұран» университетінің колледжі мәжіліс залында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы бойынша дөңгелек үстел өтті.
    Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді. Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз - Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар.

    Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады.
Кездесуге «Тұран» колледжінің оқытушылары қатысты.

    Саяси іс-шараны тәрбие жұмысы жөніндегі директор орынбасары Гамалей Н.А. кіріспе сөзімен бастап, Елбасы кітабындағы басты тақырыптарға тоқталды. Сондай-ақ, ондағы реформалар мен Елбасының үкіметке қойып отырған талаптарын, Қазақстан халқына жүктелген тапсырмаларын ұжымға түсінікті етіп жеткізіп берді. Әсіресе, соңғы Жолдаудағы  Елбасының алдымызға қойған 10 міндеті, соның ішінде оқу-ағарту саласын қамтитын Адами капитал - жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы туралы сөз қозғалды.
    Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы бойынша келесі баяндамалар да оқылды:

1.  Ибрагимова Ж.Г. - «Қазақ елінің алғашқы жаңғырыруы».
2.  Мукаева И.Т. - «Рухани бастауымыздың негіздері мен басымдықтары».
3.  Альмамедова Э.М. - «Әлеуметтік – экономикалық жаңғыру: жаңа белестер».

Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшыларда өз ой-пікірлерімен бөлісіп, қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берді.
Кездесу соңында жиналған қауым Елбасының тың бастамалар көтеріп, барша қазақстандықтар алдына үлкен міндеттер қойып отырған бұл кітабын бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Осынау ұлы жолдағы істеріміз сәтті, болашағымыз кемел де жарқын бола берсін!